БҰҰ үйлестірушісі: Непалдағы су тасқынынан келген шығын ауқымы адам сенгісіз

АСТАНА. KAZINFORM – БҰҰ-ның Непалдағы үйлестірушісі Лила Питерс Яхия Қытаймен шекараға жақын орналасқан Расува ауданы мен оған іргелес аумақтардағы су тасқынынан келген шығынды «адам сенгісіз ауқымды» деп бағалады. Бұл туралы Анадолу агенттігі хабарлады.

Фото: Анадолу агенттігі

Яхия бұл туралы БҰҰ-ның Женевадағы кеңсесінде өткен апталық баспасөз мәслихатында Непалдағы су тасқынына қарсы қабылданып жатқан шаралар туралы айта келе мәлімдеді.

Оның айтуынша, таңертең БҰҰ-дағы әріптестерімен бірге су тасқынынан зардап шеккен Нувакот ауданындағы Бидур муниципалитетіне барған. Алайда су тасқыны қаупі туралы ескертуге байланысты сапарды тоқтатуға тура келген.

Непал билігінің мәліметінше, табиғи апат салдарынан 538 адам қаза тауып, 73 адам жарақат алған. 3 742 адам құтқарылды. Тағы 977 адам із-түзсіз жоғалған немесе олармен байланыс орнату мүмкін болмай отыр. Іздеу-құтқару жұмыстарына 12 249 қауіпсіздік қызметкері жұмылдырылған.

– Шығынның ауқымы адам сенгісіз: 40 шақырымнан астам жол толығымен қираған. Іздеу-құтқару жұмыстары әлі де басты басымдық болып отыр. Негізгі міндет – адамдарды құтқару. Кейбір аудандармен байланыс толық үзілгендіктен, көмек тікұшақтармен жеткізіліп жатыр, – деді ол.

Апат болған аумақта көптеген іздеу-құтқару тобы жұмыс істеп жатыр. Құтқарушылар аман қалған адамдарға жету үшін күндіз-түні жұмыс істеп, бар күшін салып отыр.

Айта кетейік, бұған дейін Непал мен Тибеттегі алапат су тасқынынан қаза тапқандар саны артқанын жаздық.