«Ансар Аллах» қозғалысы Йеменнің батыс жағалауындағы Моха портты қаласын басып алып, Баб-эль-Мандеб бұғазына шығатын жолға бақылауын күшейтті. Қала бұғаздан шамамен 75 шақырым жерде орналасқан. Бұл теңіз дәлізі арқылы әлемдік сауда мен энергетикалық ресурстардың едәуір бөлігі тасымалданады.
Грундбергтің айтуынша, қала үшін шайқас жалғасып, жағдай тез өзгеріп жатыр. Хуситтердің Моханы бақылауына алуы халықаралық қауымдастықты алаңдатып отыр, себебі бұл теңіз қатынасының қауіпсіздігіне қатер төндіреді.
– Өткен айда Қауіпсіздік Кеңесінде сөйлегенімде, Йемен 2022 жылғы бітімнен бері ауқымды қақтығысқа қайта оралу қаупіне тап болғанын ескерткен едім. Енді бұл қауіп ауыр шындыққа айналды, – деді арнайы өкіл.
Қыркүйектің басынан бері елдің бірнеше өңірінде қақтығыстар күшейді. Әсіресе стратегиялық маңызы бар батыс жағалаудағы шайқастар өршіді. Мариб, әл-Джауф және әл-Бейда провинцияларында да қақтығыстар тарады.
Бірнеше өңірде бейбіт тұрғындар қаза тапқаны туралы ақпарат бар. Марибте қоныс аударғандар орналасқан жерлердің атқылануынан балалар қаза тауып, уақытша баспаналар қираған. Гуманитарлық ұйымдардың мәліметінше, 3 қыркүйектен бері ел бойынша 11 400-ден астам отбасы үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған.
«Ансар Аллах» Сауд Арабиясының азаматтық және энергетикалық нысандарына да соққы жасап, ондаған бейбіт тұрғын жараланған. БҰҰ бұл шабуылдарды айыптады. Грундберг хуситтерді Йемен аумағында және Сауд Арабиясына қарсы шабуылдарды тоқтатуға, сондай-ақ коммерциялық кемелерге төнетін қауіптен бас тартуға шақырды.
Арнайы өкілдің пікірінше, қақтығыстың қайта өршуі БҰҰ арағайындығымен 2022 жылы жасалған бітімнен кейін төрт жылдан астам уақыт сақталған салыстырмалы тыныштықтың аяқталғанын білдіреді.
– Бұл жағдайдың алдын алуға болатын еді. Йемен халқының талаптарын келіссөз үстелінде талқылауға болады, – деді Грундберг.
Ол Йемен үкіметімен, «Ансар Аллах» өкілдерімен және өңір елдерімен келіссөздерді жалғастыратынын атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін Йемен үкіметінің әскері хуситтерге қарсы шабуыл бастағанын жаздық.
Ал маусым айында Йеменде бес миллион адам азық-түлік тапшылығын тартып отырғаны хабарланды.
Кеше БҰҰ Оңтүстік Судандағы алғашқы сайлауға қауіп төніп тұрғанын ескертті.