БҰҰ Йеменде қауіпсіздік жағдайы нашарлағанын мәлімдеді

АСТАНА. KAZINFORM – БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары Йемендегі әскери қимылдардың шиеленісуі аясында бейбіт тұрғындар арасында құрбандар санының күрт өсуіне алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды БҰҰ жаңалықтар қызметі.

Фото:БҰҰ/Г. Доан

Фолькер Тюрк жағдайдың одан әрі нашарлауына жол бермеу үшін тараптарды шиеленісті дереу бәсеңдетуге шақырды.

Жоғарғы комиссар басқармасының мәліметінше, 6 тамыздан бері үкімет бақылауындағы аудандарда «Ансар Алла» тобының шабуылдары салдарынан кемінде 17 бейбіт тұрғын қаза тауып, жараланған. Сондай-ақ шілде айының соңында осы қозғалыс бақылауындағы аудандарда тағы екі адам өліміне әкелген оқиға тіркелді.

— Барлық тараптарды шиеленісті бәсеңдетіп, Йемен халқын одан әрі азап шегуден қорғауға шақырамын. Йемендіктер онсыз да көп қиындықты бастан өткерді, көп жылға созылған қақтығыс, жаппай қоныс аудару және гуманитарлық дағдарысқа әкелді, — деді Тюрк.

Соңғы оқиғалардың қатарында 7 тамызда «Ансар Алла» тобы ұшырған зымыранның Марибтегі ішкі қоныс аударушылар лагеріне соққы жасауы бар. Соның салдарынан алты адам, оның ішінде бір бала зардап шекті.

9 тамызда Әл-Моха қаласына зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы жасалған шабуылдан үш порт жұмысшысы қаза тауып, тағы төртеуі жараланды. Жоғарғы комиссар басқармасы 14 және 15 тамызда портқа жасалған жаңа соққы туралы хабарламаны да тексеріп жатыр. Бұл шабуылдардан да адамдар зардап шегуі мүмкін.

11 тамызда «Ансар Алла» қозғалысы Баб-эль-Мандеб бұғазында жүк кемесіне шабуыл жасады. Соның салдарынан экипаждың төрт мүшесі — Пәкістанның үш және Индонезияның бір азаматы қаза тауып, бірнеше адам жараланды.

Тюрк барлық тарап халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын сақтауға, бейбіт тұрғындар мен азаматтық нысандарға шабуыл жасаудан бас тартуға және халық арасында құрбандардың болуына жол бермеу үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға міндетті екенін атап өтті.

— Азаматтық инфрақұрылымға жасалған шабуылдар халықтың қасіретін одан әрі күшейтеді. Қазірдің өзінде кемінде 18 миллион йемендік азық-түлік тапшылығын бастан өткеріп отыр. Бұл соққылар дереу тоқтатылуы керек, — деді БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары.

Бұған дейін хуситтердің Йемен үкіметі күштерінің әскери лагерлеріне соққы жасағаны хабарланған.