БҰҰ: Жер бетінде халықтың көбейгені сонша, әрбір оныншы адамға ауыз су жетпей жатыр

АСТАНА. 13 наурыз. ҚазАқпарат - БҰҰ алдағы уақытта Жер шарының тұрғындарын ауыз сумен қамту мәселесін көтеріп, дабыл қағуда.

Бұл туралы 12 наурыздан бастап француз қаласы Марсельде өтіп жатқан су ресурстары жөніндегі Дүниежүзілік форумда БҰҰ өкілі жасаған баяндамада мәлім етілді, деп хабарлады РБК.

Ауыз судың тапшылығы жаһандық климат өзгерістерімен қоса, күннен күнге көбейіп келе жатқан адамзат баласының ішіп-жемі мен жеке бас тазалығы үшін қажетті суға деген сұранысының артуынан да туындап отыр. Сонымен қатар, ғалымдардың айтуынша, жер бетіндегі ауыз су құрлықтарға бөлінбеген. Мәселен күллі адамзаттың 60 пайызы өмір сүретін Азияда ауыз судың үштен бірі ғана бар.

2050 жылға қарай адамдардың азық-түлікке деген сұранысы 70 пайызға көбейеді. Ауылды жерлерде таза суды пайдалану 19 пайызға артады. Осы уақытта аталмыш қажеттіліктерге жер бетіндегі барлық тұщы судың 90 пайызы қажет болады.

«Бүгінде тұщы су барынша тиімді пайдаланылып отырған жоқ. Сондықтан болашағымыз үшін шындап алаңдайтын кез келді» - делінген аталмыш мәлімдемені жасаушылардың бірі болып табылатын ЮНЕСКО бас директоры Ирина Боковойдың баяндамасында.

 UNICEF пен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, бүгінде таза ауыз суға жер халқының 89 пайызы ғана қол жеткізе алып отыр. Онымен қоймай, 783 млн. адам осы күнге дейін ластанған су көздерін місе тұтуға мәжбүр. Олардың басым бөлігі, дәлірек айтсақ, 40 пайызы Африкада, оңтүстік Сахарада тіршілік етеді. Бір қызығы, дәл осы аумақтың тұрғындары Жер шарындағы ең үлкен қарқынмен көбейіп келе жатыр екен.

Айта кететіні, БҰҰ келтірген бұл деректермен барлық ғалымдар келісе кеткен жоқ.  Мысалы, Solidarities International атты француз қайырымдылық қорының мамандары жер бетінде ауыз суға зар болып отырғандардың саны 1,9 млрд. екенін айтып, БҰҰ дерегін толықтыра түсті. Бұл сандар жер бетін басып жүрген әрбір төртінші адамның ауыз суға зәру екенін көрсетеді.