Бүгін ҚР Парламенті Сенатының отырысынан кейін журналистерге берген сұхбатында палата спикері Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің БҰҰ-ның Женевадағы бөлімінің бас директоры болып тағайындалғанына байланысты осындай пікір білдірді.
«Ең алдымен, бұл - Мемлекет басшысының, біздің Президентіміздің халықаралық аренадағы зор беделінің нәтижесі. Өйткені, Президент Н. Назарбаев БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мунмен әңгіме барысында менің кандидатурамды БҰҰ жүйесіндегі лауазымға ұсынған болатын. Елбасының зор беделі болмаса, тіке айту керек, мұндай шешім қабылданбас еді. Бұдан бөлек, осы тағайындау Қазақстанның халықаралық аренадағы орнын көрсетеді. Біздің еліміз былтыр аса маңызды халықаралық форумды өткізді. Астанада ЕҚЫҰ саммиті табысты жүзеге асып, Астана декларациясы қабылданған болатын. Аталмыш құжат негізінен Хельсинки декларациясын одан сайын қуаттай түседі. Сондықтан да қазіргі кезде барлық дипломатиялық қауымдастық Ванкуверден Владивостокқа дейінгі аралықтағы екі маңызды елордалар туралы айтатын болды. Олар- Хельсинкі мен Астана»,-деді Қ. Тоқаев.
Сонымен қатар Сенат спикері Мемлекет басшысының ядролық қарусыздану және таратпау туралы жаһандық саммитке қатысқанын айта келе, ондай ғаламдық басқосуда аса маңызды бастамалар жасалғанына тоқталып өтті. «Осының бәрі жинақтала келе, БҰҰ жүйесіндегі маңызды лауазымға менің кандидатурамды бекітуге септігін тигізді. Дегенмен, бұл мәселеде ең алдымен Елбасының еңбегі ерен»,-деді Қ. Тоқаев.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Елбасының ұсынысымен БҰҰ Қ.Тоқаевты ұйымның Женевадағы бөлімінің бас директоры етіп тағайындау туралы шешім қабылдады.
«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен телефон арқылы сөйлесті. Елбасы БҰҰ басшысымен болған әңгіме барысында халықаралық өзекті мәселелерді, оның ішінде Мағриб, Таяу Шығыс және Орталық Азия елдеріндегіжағдайларды талқылады. Пан Ги Мун Қазақстанның белсенді және салмақты сыртқы саяси қызметіне ризашылығын білдірді. Атап айтқанда, БҰҰ Бас хатшысы Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы сәтті төрағалығын және Астанадағы ЕҚЫҰ саммитінің табысты өткізілгенін атап көрсетті. Пан Ги Мун сондай-ақ, БҰҰ жүйесіндегі басшылық қызметке Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсыну туралы Қазақстан Президентінің ұсынысын егжей-тегжейлі зерттегенін жеткізді. Және халықаралық қауіпсіздікті және ядролық қару-жарақты таратпау режимін нығайтуға қосқан Қазақстанның айтулы үлесін, елдің әлеуметтік-экономикалық дамудағы және сыртқы саясаттағы жетістіктерін ескере отырып, Қасым-Жомарт Тоқаевты БҰҰ-ның Женевадағы бөлімінің Бас директоры етіп тағайындау туралы шешім қабылдағанын айтты», - делінген ҚР Президенті баспасөз қызметінің 12 наурызда таратқан хабарламасында.