Бұзақының қолынан қаза болған полицейге құрмет көрсетілді

None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат- Ақмола облысының полицейлері қызмет бабымен опат болған əріптесін еске алды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Еске сала кетейік, Тəуелсіздік алған жылдан бері Ақмола облысында 34 полиция қызметкері опат болған. Соның бірі полиция лейтенанты Серік Мұхамеджанов бұзақылардың қолынан қаза тапты.  2004 жылдың 2 қарашасында Атбасар ауданының Сочинск ауылында мас екі адамның қоғамдық тəртіпті бұзғаны туралы хабар түседі.  Оқиға орнына дереу жеткен Серік бұзақылардың бірін əкімшілік хаттама толтыру үшін  полиция учаскесіне алып келеді. Артынша қолына мылтық ұстаған бұзақылардың екіншісі полиция участогіне бас көктеп келіп, полиция лейтенантына оқ атады. Осылайша, Серік алған ауыр жарақатынан көз жұмады.

Қайтыс болғаннан кейін Серікке ҚР Президентінің Жарлығымен 2-ші дәрежелі «Айбын» ордені тапсырылады. Марқұмның артында əйелі мен екі баласы қалады. Осы күні  қызы Əсия əкесінің  ізін жалғап, ішкі істер органдарында қызмет атқарса, ұлы Тимур колледжде оқиды.

Жақында Серік Мұхамеджановтың құрметіне орай Атбасар аудандық мəдениет үйінде кездесу өтті. Оған аудан əкімдігі, «Нұр Отан» партиясы филиалының өкілдері, ішкі істер органдарының қызметкерлері жəне марқұмның туған-туыстары қатысты.

Шара барысында бір минуттік үнсіздік жарияланып, жиналғандарға «Тəуелсіздікпен туған батырлар ұрпағы» көркем фильм ұсынылды.