Былтыр 133 мыңнан астам бала сурет, би, музыка үйірмелеріне тегін қатысқан

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Былтыр 133 мыңнан астам бала сурет, би, музыка үйірмелеріне тегін қатысқан. ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев ведомствоның мәдениет, архив ісі және баспа мәселелеріне арналған кеңейтілген алқа мәжілісінде осындай мәлімет келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2021 жылғы 1 қаңтардан бастап мәдениет саласындағы арнаулы мектептер мен колледж қызметкерлерінің жалақысы 25 пайызға өсті.

Мемлекет алғаш рет шығармашылық үйірмелерін жан басына шаққандағы қаржыландыру институтын енгізді. Соның арқасында өткен жылы 133 мыңнан астам бала сурет, би, музыка және басқа да үйірмелерге тегін қатысты», - деді ведомство басшысы.

Оның айтуынша, қолданыстағы «Мәдениет туралы» және «Кинематография туралы» заңдарға өзгерістер енгізу жұмыстары әлі жалғасып жатыр.

Аталмыш жиында Дәурен Абаев елімізде 300-ден астам мәдени нысанға сұраныс бар екенін атап өтті.

«Бүгінде елімізде 7637 мәдени нысан жұмыс істеп тұр. Тағы да 300-ден астам мекемеге сұраныс бар. Ондай қажеттілік негізінен ауылдарда сезіліп отыр», -деді министр.