Былтыр 48,1 мың гектар алқапта орманды молықтыру және ағаш өсіру жұмыстары жүргізілді

АСТАНА. Ақпанның 18-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Былтырғы 2009 жылы елімізде 48,1 гектар алқапта орманды молықтыру және ағаш өсіру жұмыстары жүргізілді.

Бүгін орманды қорғау және заңсыз аң аулауға қарсы күрес шараларының қорытындысы жөнінде өткен баспасөз мәслихатында АШМ Орман және аң шаруашылығы комитетінің төрағасы Ерлан Нысанбаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Комитет төрағасының айтуынша, 2008-2010 жылдарға арналған «Жасыл ел» бағдарламасын іске асыру мақсатында 2009 жылы 48,1 мың гектар алқапта орманды молықтыру және ағаш өсіру жұмыстары жүргізілсе, бұның ішінде 20,6 мың гектарына ағаш отырғызу әдісі пайдаланылған. Бұл 2008 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 10 пайызға артық деңгейде болып отыр.

Сондай-ақ, Астана қаласының жасыл аймағын құру жөніндегі жұмыс та былтырғы жылы жалғасқан. Мәселен, өткен жылдың көктемінде осы бағытта 5 мың гектар алқапқа ағаш отырғызылған. Жалпы алғанда 1997 жылдан бері елімізде 45 мың гектар жерге ағаш көшеттері отырғызылыпты.

«Сонымен бірге, былтырғы жылы өрт қаупі жоғары маусымында еліміздің орман қоры аумағында 529 өрт оқиғалары тіркелді. Тілсіз жау орман алқаптарының 4 мың 368 гектар аумағын шарпыған», деді Е. Нысанбаев.