Былтыр Астанада төтенше оқиғалар кезінде 380 адам құтқарылды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылы Астанада төтенше оқиғалар кезінде 380 адам құтқарылды, деп хабарлайды қала әкімдігінің сайты .

ТЖД мәліметтеріне сәйкес, 2016 жылы Астана қаласы аумағында 77 төтенше жағдай тіркелді, оның 80% техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар (техногендік - 62, табиғи - 15).

Былтыр елордада 811 өрт тіркелді, соның салдарынан материалдық шығын 17 млн теңге болды, өрттен 19 адам қаза тапты, 58-і түрлі дәрежедегі жарақат алды.

ТЖ талдауына сәйкес, оқиғалардың 95%-ы (846-дан 811) өндірістік және тұрмыстық өрттерге тиесілі, оның ішіндегі жартысынан көбі тұрғын үй секторында (411 оқиға) тіркелді. Осыны ескере отырып, ТЖД қызметкерлері жергілікті полиция қызметімен (ЖПҚ) бірге 49 мыңнан аса көп пәтерлі және жеке тұрғын үйлерді аралап, үй иелеріне өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау қажеттілігі туралы жадынама таратты.

Жергілікті полиция қызметі, жедел медициналық қызметі және өзге жедел қызметтермен бірге 18 жалпы гарнизондық өрт-тактикалық оқу-жаттығу өткізілді, 3 республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуларға қатысты.

«112» және «101» жедел қызмет телефондарына 568 669 қоңырау  келіп түсті. Құтқару бөлімшелері 5 мың рет жедел аттанып, 380 адамды құтқарды және 1 мың 383 адам эвакуацияланды.

Су айдыны маңында адам өлімінің алдын алу мақсатында 45 ескерту белгісі орнатылып, судағы іс-қимыл тәртібіне 630 бала оқытылды, қала мектептерінде ашық сабақтар өткізіліп, онда 300 оқушы қамтылды.

Астана қаласының ТЖД базасында 380 оқу-жаттығу өткізіліп, оған жергілікті атқарушы органдар, орталық атқарушы органдардың аумақтық бөлімшелері , 21 азаматтық қорғау қызметі мен санатқа жатқызылған ұйымдар жұмылдырылды.