Былтыр Атырау облысында 8,5 трлн теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді

Фото: None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Былтыр Атырау облысында 8,5 трлн теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Айгүл Әжіғалиева мәліметіне сүйенсек, өткен жылы өңірдің бірнеше саласында өсім байқалған.

«Өткен жылы өнеркәсіп өнімінің көлемі 8,5 трлн теңгені құрады. Ал, тау-кен өнеркәсiбiнде 7,7 трлн теңгенің өнімі өндiрiлді. Өңдеу өнеркәсiбiндегі өнiм көлемi 693 млрд теңгеге жетті. Ауыл, орман және балық шаруашылығы саласының өкілдері 114 млрд теңгенің өнімін өндіруге қол жеткізді», -дейді Айгүл Әжіғалиева.

Оның айтуынша, құрылыс жұмыстарының көлемі артқан. Бұл әсіресе, Атырау қаласы мен Жылыой ауданында байқалып отыр. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 3,6 пайызға артып, 52 мыңға жеткен.

«Инвестициялар тарту бағытындағы жұмыстарды одан әрі жандандырып, нақты іс-шаралар қолға алу қажет. Бюджеттік қаржының игерілуіне 2 ай бұрын мониторинг жүргізу керек. Жоспарланған шығыстарды уақытында игеру үшін тауарлар мен құрылыстардың, қызметтердің сапалы болуын қадағалап, заң шеңберінде тиісті шаралар қабылдаған жөн», -деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.

Облыс әкімінің айтуына қарағанда, өткен жылы жоспарланған нәтижеге қол жеткізбеген жауапты шенеуніктер бар. Сондай-ақ, Атырау қалалық әкімідігіне қарасты кейбір ауылдық округтердің әкімдері бюджетті тиімсіз жоспарлаған. Енді жауапсыз шенеуніктерге қатысты тәртіптік шара қолданылуы мүмкін.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында ауыл шаруашылығын дамытуға 2,5 млрд теңге бөлінгенін хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар