Былтыр азық-түлік импорты 4 млрд. доллардан асты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Былтырғы жылы елімізде азық-түлік импортының көрсеткіші 4 млрд. доллардан асты. Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында ҚР Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов осылай мәлім етті.

Жиын барысында депутат Шавхат Өтемісов агенттік басшысынан еліміздегі қазіргі уақытта азық-түлік импортының ахуалына тоқталуды, соған орай импорттың ішкі тұтынудағы үлесінің серпінін сұраған болатын.

Өз кезегінде агенттік төрағасы былтырғы жылдың қорытындысы бойынша азық-түлік импортының көлемі төрт миллиард доллардан сәл асқанын атап өтті. «Бұл көрсеткіш 2012 жылмен салыстырғанда 5 пайызға артық. Айта кетерлігі 2012 жылы да осы көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда бес пайызға артқан еді. Осылайша, еліміздің ішкі нарығының тұтынудағы азық-түлік импортының үлесі 21,4 пайыздан 21,6 пайызға өсті. Алайда, айырбас бағамын түзету нәтижесінде, азық-түлік импортының үлесі төмендейді деп ойлаймын», деді Ә. Смайылов.