Былтыр ел аумағында 17 мыңға жуық өрт оқиғасы болды - ҚР ТЖМ

АСТАНА. 27 ақпан. ҚазАқпарат - Қазақстанда 2012 жылдың он екі айы ішінде 17 мыңға жуық өрт оқиғасы болды, салдарынан 521 адам көз жұмды.

Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Владимир Беккерге сілтеме жасап, primeminister.kz сайты хабарлады.

«2012 жылдың 12 айында республикада 16 904 өрт болды, келген материалдық шығын 5,615 млрд теңгені құрады. 2011 жылмен салыстырғанда өрттер саны 11 пайызға, материалдық шығын 12 пайызға артты. Тілсіз жаудың салдарынан 521 адам көз жұмды»,- деді В.Беккер.

Сонымен қатар ол өрттер мемлекеттік өрт бақылауының қадағалауына жатпайтын нысандар арасында жиі кездесетінін атап өтті.

Өрт шығу оқиғалары бақылаудағы нысандардың 1624-інде тіркелді, бұл жалпы көрсеткіштің 10 пайызын ғана құрайды.

Оқиғалар жергілікті жерлердегі өндірістік және қойма ғимараттарында жиі орын алған.

Өрт шығуының басты себептерінің бірі халықтың отты абайсыз пайдалануы және электр жабдықтарын монтаждау мен техникалық пайдалануы кезіндегі мұқиятсыздық болып табылады.