Былтыр елімізде жетім балаларға арналған интернаттың 14-і жабылды

АСТАНА. 25 маусым. ҚазАқпарат - Қазақстанда жетім балаларға арналған интернаттар саны азаю үстінде.

Бүгін Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысы барысында Денсаулық сақтау министрлігі балалар құқын қорғау комитетінің төрайымы Раиса Шер осылай мәлім етті. Еске салсақ, комитет отырысында «Қиын өмір жағдайындағы балалар мен жастар үшін арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсыну жүйесін өзгерту үшін жағдайлар жасау» мәселесі талқыланған еді.

«Әрине, қашанда, қай қоғамда да ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балалар болды, әлі де бола беретінін жоққа шығара алмаймыз. Балалар тастанды атанғанда мемлекет оларды өз қамқорлығына алады. Әлбетте, әзірше балалар үйінен толығымен бас тарта алмасымыз анық. Дегенмен, белгілі бір шаралардың арқасында үлкен балалар үйін ауыстыру немесе балалар үйлерінің тәрбиеленушілерін отбасына беру мүмкіндігін арттыра түсуде нәтиже баршылық. Мәселен, өткен жылы үкіметтік емес сектордың қолдауымен жетім балаларға арналған 14 интернат ұйымы жабылды», - дейді Р. Шер.

Оның айтуынша, ағымдағы жылы да мұндай 10 ұйымды жабу көзделеді. Бұл үшін әкімдіктермен арнайы жұмыстар атқарылуда.