Былтыр еліміздің ормандарында көлемі 12,4 мың текше метрге жуық ағаш заңсыз кесілген

АСТАНА. Ақпанның 18-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Былтыр еліміздің ормандарынан 12,4 мың текше метрге жуық заңсыз ағаш кесулер орын алды. үгін Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен орманды қорғау және заңсыз аң аулауға қарсы күрес шараларының қорытындысы жөніндегі баспасөз мәслихатында Орман және аң шаруашылығы комитетінің төрағасы Ерлан Нысанбаев осылай мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінгі таңда адамдардың белсенді әрекет етуі, техногендік жүктеменің артуы салдарынан еліміздегі ормандарды сақтап қалу шарасы өте өзекті деңгейге көтеріліп отыр. Осы мақсаттағы шараларға тоқталсақ, былтырғы жыл жаман аяқталған жоқ. Орманды қорғау мен аң аулауға қарсы күрестің барлық көрсеткіштері жақсы нәтижені көрсетіп отыр. Мәселен, былтыр заңсыз ағаш кесу мөлшері алдыңғы жылдарға қарағанда төмен болды. Өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторлар және мемлекеттік орман күзетінің қызметкерлері бірлесіп 23 мың 46 тексеру рейдтерін жүргізді. Нәтижесінде заңсыз ағаш кесудің 1 мың 216 фактісі тіркеліп, олар бойынша 12,4 мың текше метр көлемінде ағаштар кесілгені анықталды», деді Комитет төрағасы Е. Нысанбаев.

Оның айтуынша, былтырғы жылы орман заңнамасының бұзылуы бойынша 347 азаматқа 4 млн. 100 мың теңгеге жуық айыппұл салынған. Бұның 248-інен 2 млн. 71 мың теңге өндіріліп алынды. 522 заң бұзушының үстінен 16 млн. 445 мың теңгенің шағымы түсіріліп, қазіргі уақытта олардан сот арқылы 6 млн. 190 мың теңге өндіріліп алынған.

Сонымен бірге, 2009 жылы заңсыз ағаш кесушілерден 2,4 мың шаршыметр дайындалған ағаш, 39 көлік құралдары, оншақты құрал-саймандар тәркіленген.