Былтыр елордада көші-қон саласына қатысты 635 мыңнан астам қызмет көрсетілді
«Көші-қон қызметі басқармасы бөлімшелері халыққа 11 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді, олардың 85 пайызы қазіргі уақытта автоматтандырылған», - деді А. Жомартова 2022 жылдағы көші-қон саласындағы қорытынды деректерге арналған баспасөз мәслихатында.
Осы орайда ол 2022 жылы 635 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілгенін айтты. Оның 356 мыңы халыққа қызмет көрсету орталықтары, 42 мыңы Ішкі істер министрлігі ақпараттық жүйелері арқылы орындалса, 16 мың қызмет қағаз құжаттар түрінде атқарылды.
Сонымен бірге, былтыр халыққа қызмет көрсету орталықтарында 243 мыңға жуық Қазақстан азаматына, Астанада тұрақты тұратын 3 мың шетелдікке жеке басты куәландыратын құжаттар ресімделді.
«234 мың Қазақстан азаматы тұрғылықты жері бойынша тіркелген, оның 219 мың 131-і тұрақты, 14 мың 906-сы уақытша», - деді Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасы басшысының орынбасары.
Оның сөзіне қарағанда, 11 мың шетелдікке еңбек етуге рұқсат беретін құжат тапсырылды. 8 мыңға жуық Қазақстанға келу визасы, 6 мыңнан астам елден шығу визасы, сондай-ақ 195 мың жеке сәйкестендіру нөмірі берілді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 2022 жылы елордада уақытша тіркелген шетел азаматтарының саны өсті.
Астанада көші-қон заңнамасын бұзған 6 мыңға жуық шетел азаматы анықталды.