Былтыр кәмелетке толмағандар арасында жасалған қылмыс саны 9 пайызға қысқарды - ІІМ

АСТАНА. Сәуірдің 26-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Былтырғы жылы кәмелетке толмағандар арасында жасалған қылмыс саны 9 пайызға қысқарды, ал ағымдағы жылы бұл көрсеткіштің 19 пайызға дейін төмендейтіні болжанады. Бүгін Парламент Мәжілісінің көшпелі Үкімет сағатында «Қазақстан Республикасындағы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтаудың жай-күйі туралы» тақырыпта баяндама жасаған ҚР Ішкі істер министрі Серік Баймағанбетов осылай мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Минстрдің айтуынша, кәмелетке толмағандармен жасалатын қылмыстың тең жартысына жуығы мектеп пен лицей оқушылары арасында орын алады екен. Сонымен бірге, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыспен күрес және оның алдын алу проблемасы әлі де өзекті күйінде қалып отыр. «Біз осы саладағы ахуалды жақсарту мақсатында мектеп инспекторлары институтын енгіздік және бұндай инспекторлармен Алматы, Астана қалаларының барлық мектептері қамтылып отыр. Өкінішке қарай, басқа облыстар орталығында бұндай инспекторлар жетіспейді, бүгінгі күні 2 мыңға тарта мектеп инспекторлары қажет етіледі. Әрине, инспекторларды ұйымдастыру мен кадарларды таңдауда біршама проблемалар баршылық, дегенмен жалпы бұл институт өзінің тиімділігін дәлелдеп келеді», деді С. Баймағанбетов.