Былтыр қаржы полициясы 1 800-ден астам сыбайлас жемқорлық қылмысты анықтады - Р. Түсіпбеков

None
АСТАНА. 19 ақпан. ҚазАқпарат - Өткен жылы қаржы полициясы органдары 1 800-ден астам сыбайлас жемқорлық қылмысты анықтады. «Казахстанская правда» газетіне берген сұхбатында ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Рашид Түсіпбеков осылай мәлім етті.

Төрағаның айтуынша, өткен жылы қаржы полициясы органдарымен 1 800-ден астам сыбайлас жемқорлық қылмыстары анықталған. Бұл көрсеткіш 2011 жылға қарағанда 2,2 пайызға артық. Ал былтырғы жылы 1 650 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылса, олардың ішінде 450-і рес­публикалық және облыстық деңгейде, ал 1 200-і қалалық және аудандық деңгейде болып отыр.

«Бұнымен қоса, мен жаппай көрсеткіштерді қууды доғаруды қатаң тапсырдым. Біз дабыра қылып, боямалату үшін жұмыс істеуге тиіс емеспіз, керісінше терең сараптама жасап, мемлекетке миллиардтаған залал келтіріп отырған сыбайлас жемқорлықтың ұйымдасқан әрі жүйелі схемасын айқындауға көп мән беру керекпіз. Дәл осындай сипаттағы жемқорлық қылмысты біз Атырау облысында анықтаған болатынбыз, онда бұрынғы әкім өзіне берілген тұлғалармен бірігіп, бюджет қаражатын жымқырудың ауқымды схемасын ұйымдастырған еді. Келген залал 42 миллиард теңгенің үстінде. Қабылданған шаралар нәтижесінде мемлекетке қазірдің өзінде 26 миллиард теңгеден астам қаражат қайтарылды», - деді Р. Түсіпбеков.

Бұдан бөлек, төраға былтырғы жылы республиканың 10 өңірінде Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияларға тұрақтандырушы азық-түлік қорларын қалыптастыру үшін бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактілері анықталғанын атап өтті. «Атап айтқанда, Алматы, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау облыстары мен Алматы қаласында тұрақтандыру қорын қалыптастыру үшін бюджеттен бөлінген 2 млрд. 187 миллион теңгені жымқыру фактілері бойынша 15 қылмыстық іс қозғалды. Аталған фактілер бойынша тергеу жұмыстары аяқталған соң 1 миллиард теңгеден астам қаражат мемлекет қазынасына қайтарылды», - дейді Р. Түсіпбеков.