Былтыр Қазақстан аумағы арқылы 21 млн тонна транзиттік жүк өткен

АСТАНА. ҚазАқпарат – Былтыр Қазақстанның көлік дәліздері арқылы 21 млн тонна транзиттік жүк өткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі көлік комитеті төрағасының орынбасары Қасым Тілепов Kazakhstan Global Investment Roundtable-2022 атты жаһандық инвестиция жөніндегі дөңгелек үстелдің жалпы отырысында осындай мәлімет айтты.

«Біз құрлықтар арасындағы тиімді транзиттік дәліздер мен маршруттар желісін құрдық. Қазақстан арқылы 13 халықаралық көлік дәлізі өтеді. Оның ішінде 5 теміржол және 8 автомобиль дәлізі бар. Кейінгі 15 жылда көлік саласына 35 млрд доллар инвестиция салынып, 2,5 мың шақырым теміржол мен 13 мың шақырым автомобиль жолы салынды»,-деген комитет өкілі елдің Солтүстік-Оңтүстік және Шығыс-Батыс көлік дәліздерінің әлеуетін арттыру үшін трансшекаралық хаб құру көзделгенін жеткізді.

«Қытаймен шекарада арнайы порт жұмыс істейді. Ол порт Қытаймен араны теміржол өткелімен жалғап, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралі арқылы Еуразия құрлықаралық тасымалдарды дамытудың жаңа кезеңін ашты. Бүгінгі геосаяси жағдайларға қарамастан аймақтың айналасындағы транзит көрсеткіштері өсіп отыр. 2021 жылы теміржол көлігімен 123,7 млн тонна жүк тасымалданды. Оның ішінде 83,5 млн тонна экспорттық жүк, 19,2 млн тонна импорттық жүк, 21 млн тонна транзиттік жүк тасымалданды», - деді Қасым Тілепов.