Былтыр Қазақстан мектептеріндегі орын тапшылығы 55 мыңнан асты

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылы Қазақстанда мектептердегі орын тапшылығы 55 мыңнан асып түсті, деп хабарлайды finprom.kz.

Статистикалық деректерге сәйкес, 2015 жылы орта білім мекемелерінде орын тапшылығы 39,9 мыңды құрап, 2010 жылмен салыстырғанда 60% азайған еді.  2016 жылы бірінші сынып оқушыларының саны 370 мыңға күрт артуына  (2015 жылмен салыстырғанда +10%) байланысты, орын жетіспеушілігі 55,2 мыңға дейін жетті.

Тапшылықтың артуына сондай-ақ Қазақстандағы жалпы білім беретін мектептер санының жыл сайын азаюы әсер етуде. Әр жылы елдегі мектептер саны 1% қысқарып отырады, осылайша, 2016 жылы республика аумағындағы мектептер саны 7,37 мыңды құрады. Бұл көрсеткішке апатты жағдайдағы мектептердің 93-тен 37-ге дейін қысқаруы да өз ықпалын тигізбей қоймады.

Сонымен қатар, мектептердегі білікті педагогтар саны артып келеді. Жоғары және бірінші санаттағы мұғалімдер саны 2015 жылы 49,8%  құраса, 2016 жылы 50,7% дейін жеткен. Ең жоғары көрсеткіштер - Павлодар облысында (58%), Астана (57%) және Алматы (56%) қалаларында. Ал ең төменгі көрсеткіштер Маңғыстау (44%), Оңтүстік Қазақстан (45%) және Ақтөбе (45%) облыстарында белгіленді.