Былтыр Қазақстан мен Швеция арасындағы тауар айналымы 281,7 млн. долларды құрады

None
АСТАНА. 15 наурыз. ҚазАқпарат - Қазақстан Швецияның Орталық Азиядағы ең ірі сауда әріптесі болып табылады. Атап айтқанда, 2012 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Швеция арасындағы тауар айналымы 281,7 млн. АҚШ долларын құрады. Соның ішінде экспорт - 24,3 млн., импорт - 257,4 млн. долларға жеткен. Бұл туралы бүгін Сыртқы істер министрлігінде өткен брифинг барысында мәлім болды.

Тоқтала кететін жайт, ведомствоның ресми өкілі Жанболат Үсеновтің айтуынша, 20 наурыз күні Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың Швеция Корольдігіне ресми сапары жоспарланып отыр.

Онда министр Е. Ыдырысовтың Швеция сауда министрі мен бизнес-топтар өкілдерімен кездесуі жоспарланған. «Оның барысында Қазақстанда жүзеге асып отырған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында швециялық инвестиция мен компанияларды тартуға ерекше назар аударылатын болады. Сондай-ақ, тараптар екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты белсендету мәселелерін, соның ішінде телекоммуникациялар, машина жасау, «жасыл» технологиялар және қоршаған ортаны қорғау салаларын талқыға салады деп күтілуде», - дейді ресми өкіл.

Бұдан бөлек, сапар аясында Қоршаған орта министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Андерс Фланкингпен кездесуі барысында тараптар Қазақстанға энерготиімділік, қоршаған ортаны қорғау мәселелерін талқылайды. Сондай-ақ, Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» мамандандырылған халықаралық көрмесін ұйымдастыру аясында «жасыл» технологиялар салаларында швециялық тәжірибе мен компанияларды тарту жайы да қарастырылмақ.