Мәдениет және спорт министрлігі мәдениет комитетінің ақпараты бойынша өткен жылы республикалық ономастика комиссиясы 606 ұсынысты қараған.
«Бұдан бөлек, былтыр Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру бойынша берілген тапсырмасын орындау мақсатында жаңадан құрылған 3 облысқа Абай, Жетісу, Ұлытау атаулары берілді. Ал Қапшағай қаласы – Қонаев қаласы болып өзгерді. Айта кету керек, облыс атаулары тек мемлекеттік тілде бекітілді. Мысалы, Абай облысы - область Абай, Ұлытау облысы - область Ұлытау, Жетісу облысы - область Жетісу. Сондай-ақ Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай Қостанай халықаралық әуежайына ұлт ұстазының есімі берілді»,-дейді Мәдениет және спорт министрлігі ономастика басқармасының басшысы Елерке Төрехан.