Былтыр Қытай мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 17 млрд. 550 млн. АҚШ долларын құрады - Қытай Елшісі

АСТАНА. Сәуірдің 9-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - 2008 жылы Қытай мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 17 млрд. 550 млн. АҚШ долларын құрады.

Бұл туралы бүгін Астанада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға жасайтын мемлекеттік сапарына орай ұйымдастырылған брифингте ҚХР-дың Қазақстандағы Елшісі Чен Гопин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Соңғы жылдары біздің елдердің сауда-экономикалық ынтымақтастығы қарқынды дамуда. Оның көлемі мен саласы ылғи да ұлғайып және кеңейіп келеді. Қытай тарапының статистикалық деректері бойынша, 2008 жылы Қытай мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 17 млрд. 550 млн. АҚШ долларын құрады және 2007 жылмен салыстырғанда 26 пайызға ұлғайды», деді брифингте Елші. Оның айтуынша, Қазақстан Қытайдың ТМД аймағындағы Ресейден кейінгі екінші ірі сауда әріптесі, ал өз кезегінде Қытай Қазақстанның үшінші сауда әріптесі болып табылады. Чен Гопин Қазақстан Қытайдың тату көршісі, досы және серіктесі екенін атап көрсетті. «Дипломатиялық байланыс орнатылғаннан кейінгі соңғы 18 жылда екі жақты қарым-қатынастарда ылғи да жемісті және қарқынды даму сақталып отыр. Біздің елдердің саясат, сауда-экономикалық, энергетикалық, көлік және гуманитарлық салалардағы іс-қимылдары таңдандырарлық нәтижелерге әкелгені қуантады», деді Қытай елшісі. Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, ҚХР төрағасы Ху Цзиньтаоның шақыртуымен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сәуірдің 15-19 аралығында Қытайға мемлекеттік сапар жасайды.