«Тұтынушылардан 2022 жылы 796 өтініш түсті. Оның 306-сы қанағаттандырылып, тұрғындарға 16 685 997 теңге қайтарылды. Ал 2021 жылы түскен өтініштер негізінде 4 322 244 теңге қайтарылған болатын. Бұл бір жылдың ішінде тұтынушылардың өз құқығын қорғау бойынша сауаттылықтары артып келе жатқанын білдіреді», дейді Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Рауан Мұхаев.
Сондай-ақ өткен жылы 8 ірі және орта кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты 8 тексеру жүргізілген.
Сонымен қатар тұтынушылардың құқықтарын бұзудың негізгі себептері анықталған:
- тұтынушы ретіндегі өз құқықтары туралы халықтың құқықтық сауаттылығының төмендігі;
- кәсіпкерлік субъектілерінің «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңды білмеуі және сақтамауы;
- шағын және микрокәсіпкерлік субъектілеріне тексеру жүргізуге мораторий.
Айта кетейік, Маңғыстау облысы бойынша тұрғындардың тұтынушылық құқықтары бұзылған жағдайда Ақтау қаласы 9-шағынаудан 23 «А» ғимараты, 215-кабинетте орналасқан Маңғыстау облысы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне немесе 8(7292) 43-14-34 байланыс телефондарына хабарласуларына болады.