15:22, 10 Сәуір 2009
Былтыр медицина қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылыққа орай 29 іс қозғалды ? Ж. Досқалиев
АСТАНА. Сәуірдің 10-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 2008 жылы медицина қызметкерлері арасында пара алған, бюджет қаржысын жымқырған жемқорлық құқық бұзушылыққа орай 29 қылмыстық іс қозғалды. Ал 2007 жылы 22 қылмыстық іс қозғалған болатын.
Бүгін «Нұр Отан» ХДП жанындағы Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысы барысында Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жүргізілген зерттеулерге қарағанда, медицина қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлық қылмысқа жетелейтін себептердің бірі ? ашкөздік, тойымсыздық. Егер адам осылай жаратылса, онда оның жалақысын қанша көтермелегеніне қарамастан ашкөздікке ұрынып тұратыны жасырын емес. Медицина қызметкерлерін әлеуметтік қамсыздандыру шаралары да төменгі деңгейде. Дегенмен де, бұл бағытта жүйелі түрде шаралар атқаратын уақыт жетті. Ең алдымен денсаулық сақтау саласында нарықтық үлгі жүйесін енгізу қажет. Яғни, нарықтық мемлекетте барлық сала секілді денсаулық жүйесінде де нарықтық үлгі болуы тиіс», - деді Ж. Досқалиев.
Министрдің айтуынша, бұл бағытта медициналық қызмет көрсетуде бәсекелестік орта қалыптасуы қажет. Ал ондай бәсекелестік ортада тек мемлекеттік қана емес, жеке секторды, шетелдік ұйымдарды қатыстыру маңызды болмақ. «Денсаулық сақтау министрлігі қосымша, жеке және халықаралық медицина кәсіпорындарын ашуды қолдайды. Бұдан басқа дәрігер таңдау еркі де қалыптасуы тиіс. Сонымен бірге, көрсетілетін қызметтің ашықтығы да басым рөл ойнайды», - деді министр.