Былтыр Сингапурда болған туристер саны рекордтық көрсеткішке жетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Былтыр Сингапурға барған туристердің саны рекордтық көрсеткіш - 15,5 миллионға жеткен. Бұл 2012 жылмен салыстырғанда 7,2 пайызға көп, деп жазады Straits Times газеті.

Алайда Сингапур туристік бюросының мәліметтері бойынша туристерден түскен пайда 2012 жылғы көрсеткіштен 400 млн. долларға ғана өсіп, барлығы 23,5 млрд. долларға жеткен. Бұл - 2009 жылдан бергі ең аз табыстардың бірі.

Айта кетейік, кіп-кішкентай Сингапур мемлекеті әлемдегі теңіз және әуе жолдары түйісетін негізгі нүктелердің бірінде орналасқан. 2012 жылғы деректер бойынша, ондағы «Чанга» халықаралық әуежайын пайдаланушылар саны ол салынған 30-дан астам жылдан бері бірінші рет 51,2 миллион адамға жеткен. Бұл 2011 жылғы көрсеткіштен 10 пайызға жоғары. Халқының саны 5 миллионнан енді асқан қала-мемлекеттің әуежайын пайдаланушылар небары 3 жыл бұрын 40 млн. адам болғанын ескерсек, бұл - үлкен жетістік.