Былтыр соттар тарапынан қылмыстық қудалау органдарына 2 мыңға жуық материал жолданса, соның 5 пайызына ғана іс қозғалған

АСТАНА. Ақпанның 17-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 2009 жылдың 12 айында республика бойынша қылмыстық қудалау органдарына 2 мыңға жуық материал жолданса, солардың ішінен 101-іне, яғни 5 пайызына ғана қылмыстық іс қозғалды.

Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізу органдарының қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Сот әкімшілігі комитеті төрағасының орынбасары Бақтияр Өнербаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінгі таңда сот шешімдерін орындау тәртібін бұзу, сот төрелігін жүзеге асыруға кедергі жасау және сотты құрметтемеушілік қылмыстары үшін жауапкершілікті қамтамасыз етудің тиімді тетігінің болмауы сот орындаушысының және сот шешімін шығаратын судьяның бүкіл жұмысын жоққа шығарып отыр. Тәжірибені талдау барысында, сот актілерін қасақана орындамайтын, сондай-ақ орындауға кедергі келтіретін тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тарту тетігінің тиімділігі төмен болып отырғаны анықталды. Мәселен, 2009 жылдың 12 айында республика бойынша қылмыстық қудалау органдарына 2 мыңға жуық материал жолданған. Солардың ішінен 101-іне, яғни 5 пайызына ғана қылмыстық іс қозғалды. 1 мың 520 материал бойынша қылмыстық іс қозғаудан бас тартылды. Осындай жайт 2007-2008 жылдары да орын алды», деді Б. Өнербаев.

Оның айтуынша, сот үкімін, сот шешімін немесе басқа да сот актісін орындамаумен байланысты қылмыстық істерді тергеу шаралары ішкі істер органдарына берілгеннен бастап аталған мәселедегі тиімділік мүлдем төмендеп кеткен. «Бұндай қылмыстар сот төрелігінің беделіне нұқсан келтіреді, жәбірленушінің ары мен абыройына залал келтіре отырып, моральдық зиянға соқтырады», деді Б. Өнербаев.