Былтыр судьяларға қатысты азаматтардың шағымы 5 пайызға азайды - Қ. Мәми

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2014 жылы еліміздегі судьялар қызметіне қатысты азаматтардың шағымы 5 пайызға азайды. Бұл туралы бүгін ҚР Жоғарғы Соты судьяларының кеңейтілген кеңесінде ҚР Жоғарғы Сотының Төрағасы Қайрат Мәми мәлімдеді.

Еске салайық, кеңес отырысы «2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру аясында сот органдарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың негізгі бағыттары» атты тақырып аясында өтуде.

Жиынды ашқан ҚР Жоғарғы Сотының Төрағасы Қайрат Мәми сыбайлас жемқорлықпен күрес - тұтастай Қазақстан қоғамының маңызды міндеті екенін айтып, бұл ретте әділ сот жүйесінің мінсіз қызметі ерекше маңызға ие екенін алға тартқан болатын. Ал былтырғы жыл қорытындысы бойынша келтірілген мәліметтерге қарағанда, тұтастай алғанда 2014 жылы соттар 1 млн. 200 мыңнан астам істерді қараған. Бұл ретте шығарылған сот актілердің 98,7 пайызы заңды әрі негізді болып табылады.

«Сонымен қатар, 2014 жылы азаматтар тарапынан судьялар қызметіне қатысты түскен шағымдар саны 253-ке немесе 5 пайызға төмендеді. Соттың қазылар алқасының судьяларға қатысты қараған істерінің саны 20 пайызға, ал тәртіптік шара қолдану бойынша іс қозғау 14,3 пайызға қысқарып отыр», - деді Қ. Мәми.