Былтыр ұшырылған екі ғарыш аппараты Қазақстанның меншігіне әлі өткен жоқ - Т.Мұсабаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Былтыр елімізден ұшырылған екі ғарыш аппараты Қазақстанның меншігіне әлі өткен жоқ. Бұл туралы бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында Инвестициялар және даму министрлігі Аэроғарыш комитетінің төрағасы Талғат Мұсабаев мәлім етті. Еске салайық, жалпы отырыста «2009 жылғы 6 қазандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Жерді қашықтықтан зондтаудың ғарыш жүйесін және ғарыш аппараттарының құрастыру-сынау кешенін құру мен пайдалану шарттары туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заң қабылданған болатын.

«2014 жылы Қазақстанның Жерді қашықтықтан зондтайтын екі ғарыш аппараты орбитаға шығарылған. Жоғары және орташа дәлдіктегі бұл аппараттарды ұшыру біздің тарихымызда орын алып отыр. Алайда, бүгінгі күнге дейін екі ғарыш аппараты әлі де Қазақстанның меншігіне берілмей келеді. Өйткені, Қазақстан мен Франция арасындағы келісім бойынша Жерді қашықтықтан зондтаудың ғарыштық жүйесін құру жобаларында бөлінген қаражатқа қосымша қосылған құн салығы қарастырылмаған. Біз осы мәселені шешіп, екі спутникті өзімізге алған күннен бастап, оны коммерциялық мақсатта пайдалана бермекпіз», - деді Т.Мұсабаев.

Оның айтуына қарағанда, қазақстандық екі аппарат қазіргі күннің өзінде жұмыс істеп, мемлекеттік органдарға тиісті мәліметтер ұсыну бойынша өз септігін тигізуде.

«Мәселен, Қорғаныс министрлігі өткен бірнеше айларда түсірілім фотоларын сұраған болатын. Оның сомасы 1,5 млрд теңге шамасында болды», - деді Т.Мұсабаев.

Бұдан бөлек, комитет басшысы алдағы уақытта Қазақстан мен Франция арасындағы келісімге орай, ғарыш аппараттарының сынақ-кешенін құрастыру нысаны бой көтеретінін атап өтті. Бұл Қазақстандағы ғарыш инфрақұрылымының ең ірі нысандарының біріне айналмақ әрі қазақстандық мамандар жұмыс істейтін ол нысан түрлі сипаттағы ғарыш аппапараттарының сынағын толықтай циклмен өткізуді қамтамасыз етеді. Бұндай нысан ТМД елдерінде болмаған.