Былтыр жер қойнауын пайдалануға салынған инвестиция сомасы 7,7 трлн теңге болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Энергетика вице-министрі Асхат Хасенов көмірсутек саласындағы жер қойнауына бағытталған инвестициялар туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі таңда көмірсутектер бойынша 276 келісімшарт қамтылған. Оның ішінде өнімді бөлу туралы келісім – 9, барлау жұмыстарына қатысты – 137, ал өндіру саласында 130 шарт бар», - деді А. Хасенов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, 2022 жылы жер қойнауын пайдалануға салынған инвестиция сомасы 7,7 трлн теңгеге жетті. Соның арасында өндіруге 2,8 трлн теңге, геологиялық барлауға 135,7 млрд теңге ескерілді. Сонымен қатар қалған 4,7 трлн теңге шығындарға, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына, азаматтарды оқытуға, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға тиесілі.

«Осы орайда былтыр геологиялық барлауға инвестициялар ағынының оң серпіні байқалды», - деді вице-министр.