Былтыр ЖІӨ 5 пайызды құрады - Е. Досаев

АСТАНА. 4 наурыз. ҚазАқпарат - Былтыр нақты ішкі өнімнің көрсеткіші 5 пайызды құрады. Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында баяндама жасаған Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев осылай мәлім етті.

«Әлем экономикасының нашар дамуы жағдайында өсім қарқыны жоспарланған параметрлері бірқатар көрсеткіште төмен қалыптасты. Бұған сыртқы сұраныстың қысқаруы, сондай-ақ өсімдік шаруашылығының жалпы өнімі өндірісінің 27,7 пайызға төмендеуі және мұнай өндірудің жоспарланған 81 млн тоннадан 79,2 млн.-ға дейін төмендеуі негізгі себеп болды. Тауарлар өндірісі салаларындағы бәсең қарқын қызмет көрсету саласымен толықтырылды. Осылайша көлік қызметі 7,2 пайызға жоғарылады», дейді Ерболат Досаев.

Оның айтуынша, байланыс қызметі 9,6 пайыз өскен. Ал көтерме және бөлшек сауданың өсімі 14,6 пайызды құраған. Негізгі капиталға инвестиция көлемі 3,8 пайызды, құрылыс 2,9 пайызды құраған.

«Әлемдік сұраныстың бәсеңдеуіне қарамастан елдің сыртқы тауар айналымы 9,8 пайызға жоғарылады. Алдыңғы жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда тауарлар экспорты 10,3 пайыз, импорты 20,2 пайызға артты», дейді министр.