Былтырғы ұлттық санаққа Қазақстандағы 315 мыңға тарта оралман енгізілмей қалған
14:00, 24 Мамыр 2010
СТАНА. Мамырдың 24-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Былтырғы ұлттық санаққа Қазақстандағы 315 мыңға тарта оралман енгізілмей қалған. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Мемлекеттік статистиканы жетілдірудің басты бағыттары» атты тақырыпта өткен Үкімет сағатында ҚР Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов осылай мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ағымдағы статистиканы жүргізу бойынша шетелден келген оралмандарды есепке алу тек олардың Ішкі істер министрлігінің органдарына, көші-қон полициясымен тіркелгенінен кейін ғана жүргізіледі. Яғни, Қазақстанға келген оралмандар тұрақты орны болған жағдайда тіркеуден өтіп, статистикалық талонын толтырады. Ал оралмандар тұрақты орынға тіркеліп, статистикалық талонды толтырмайынша, статистикалық есепке алынбайды. Сондықтан да, ұлттық санақты жүргізу барысында бұған ұқсас мәселелер орын алды. Шынында да Қазақстанға келген, оралман мәртебесін иеленудің әртүрлі сатысында тұрған, тұрақты орынға тіркелмеген шамамен алғанда 315 мыңға тарта оралман бар. Бұл проблема бізге белгілі», деді Ә. Смайылов.