Бюджет қаржысын ысырап еткен Мойынқұм ауданы әкімінің орынбасары сотталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы әкімінің орынбасары Архат Шалқарбеков лауазымын асыра пайдаланғаны үшін сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Сыбайлас жемқорлыққа қөарсы қзыметке сілтеме жасап.

8 маусым күні Мойынқұм аудандық сотының үкімімен аудан әкімінің орынбасары Архат Шалқарбеков пен аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы К. Ниязалыға қатысты үкім шықты. Олар лауазымын асыра пайдаланғаны үшін айыпты деп танылды.

Атап айтқанда, шенеуніктер бюджетке 4 153 154 және 4 488 475 теңге шығын келтірген. Яғни Мойынқұм, Қылышбай және Сарыөзек ауылдарындағы жол жөндеу жұмыстары жасалмаса да, мердігерлерге мемлекет қаржысын аударып жіберген.

Сот үкімімен аудан әкімі орынбасарының 1 жылға бас бостандығы шектелді.

Айта кетейік, соңғы күндері 6 басшы, бір аудан әкімінің орынбасары, 3 мемлекеттік қызметші және ішкі істер органдарының 5 қызметкері жемқорлық жасағаны үшін сотталған.