Бюджет қаржысын жымқырды деген айыппен «Қорғас» Шекаралық ынтымақтастық халықаралық орталығы» АҚ президенті ұсталды

АСТАНА. Қазанның 28-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Қорғас» Шекаралық ынтымақтастық халықаралық орталығы» АҚ-ның президенті Н.Сейідәлі мен оның еншілес кәсіпорны «Қорғас-сервис» ЖШС-нің басшысы Е.Рахымбаев тұтқындалды.

Бұл туралы бүгін Астанадағы брифингте Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті.

Оның мәліметтеріне қарағанда, аталған азаматтар жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғы капиталын көтереміз деген желеумен жалған кәсіпорындар арқылы 190 миллион теңге бюджет қаржысын жымқырған. «Сондай-ақ Алматыдағы халықаралық әуежайдың бұрынғы президенті Ыдырысов та қылмыстық жауапқа тартылуда. Оған жалған кәсіпкерлік арқылы жаңа жолаушылар терминалын салуға бөлінген қаржының 570 миллионнан астам қаржысын жымқырды деген айып тағылып отыр», - деді М.Жұманбай.

Оның айтуынша, елімізде биылғы жылдың 9 айында жалған кәсіпкерлікпен айналысып жүрген 56 адамнан тұратын 43 қылмыстық топ ұсталған.