Бюджет кодексінің жаңа ережелері өңірлердің қаржылық дербестігіне тұсау болмауы тиіс — Президент

Коллаж: Kazinform / Freepik

АСТАНА. KAZINFORM — Үкімет аймақтардың қаржылық орнықтылығын нығайту шараларын қабылдауға міндетті. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

— Аймақтардағы бюджеттік жоспарлауды сапалы жүргізуге баса мән беру қажет. Өздеріңізге мәлім, соңғы жылдары аймақтардың кіріс қоры айтарлықтай артты, бірқатар салық пен төлем түрлері республикалық деңгейден аймаққа берілді. Соның салдарынан жеткілікті қаржы бөлмей, жергілікті бюджетке қосымша шығындарды артып қою жағдайлары жиілеп кетті. Мұндай тәжірибе бюджетаралық қатынастардың қисынына қайшы әрі қабылданып жатқан шешімдерге сенімді жоғалтады, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондықтан Мемлекет басшысы жергілікті атқарушы органдарға берілетін қаржы ресурстары мен олардың міндеттемелері бір-бірімен мөлшерлес болуын ескеру өте маңызды екенін айтты.

— Қазақстан — бір орталықтан басқарылатын унитарлы, біртұтас ел. Сол себепті еліміздің әлеуетін нығайтуды, халқымыздың әл-ауқатын арттыруды басты мақсат етіп, ақыл-парасатпен, бір қолдың саласындай жұмылып жұмыс істеу қажет. Жаңа Бюджет кодексінде бюджетаралық қатынастар нақтылық және барлық бюджет деңгейіндегі жауапкершілік тұрғысынан қайта қаралды. Енді осы нормалар өңірлерде іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін байқап көру керек. Егер қолданыстағы құралдар тиімсіз екенін көрсетсе, оны түзету қажет. Бұл жерде ешқандай күмән жоқ. Шешімді тез әрі батыл қабылдау қажет, — деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жаңа ережелер өңірлердің қаржылық дербестігіне тұсау болмауы тиіс.

— Ең бастысы, олардың кіріс көздерін ұлғайтуға деген ынта-жігеріне кері әсер етпеуі керек. Үкімет аймақтардың қаржылық орнықтылығын нығайту шараларын қабылдауға міндетті. Бұл — стратегиялық сипаты бар мақсат. Басқарудың түрлі деңгейі арасындағы жауапкершілікке салғырт қарауға болмайды, — дедің Мемлекет басшысы.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің алдындағы негізгі міндетті атады.