Бюджет шығынын қатаң бақылауда ұстау маңызды — Премьер-министр
АСТАНА. KAZINFORM — Үкімет басшысы Олжас Бектенов мемлекеттік бюджет шығынын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
— Жалпы сипаттағы трансферт көлемі өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес, өңірлерге базалық инфрақұрылымдық жағдайды қамтамасыз етіп отыр. Президент тапсырмасына сәйкес, бюджет әлеуметтік мәселелерге бағдарланған болып қалады. Сонымен қатар экономиканың өсуін ынталандыруға бағытталған шығыс та ұлғаймақ. Салыстырмалы түрде биылға қарағанда келер жылғы шығыс шамамен 11%-дан 16%-ға дейін өсіп отыр. Бұл өз кезегінде жалпы ел үшін маңызы бар инфрақұрылымдық жобалар, бизнесті ынталандыру мен мемлекеттік қолдау шараларынан тұрады, — деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.
Премьер-министрдің сөзінше, жоғарыда аталған шығыс өңірлердің дамуына және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға оң әсерін тигізеді.
— Республикалық бюджет жобасы мен жалпы сипаттағы трансфертті қалыптастыру барысында жаңа Бюджет және Салық кодексі ескерілді. Барлық мемлекеттік органға елдің әлеуметтік-экономикалық дамудың белгіленген параметрлерге қол жеткізуді қамтамасыз етуді тапсырамын. Бюджет қаражатын барынша тиімді және уақтылы пайдалану, сондай-ақ шығынды қатаң бақылауда ұстау маңызды, — дейді ол.
Бұған дейін Үкімет 2026-2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын және 2035 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму болжамын мақұлдады.
Сондай-ақ Үкіметтің жалпы ішкі өнім, инфляция, ұлттық қор, бюджетті толтыру бойынша 2026-2028 жылдарға арналған экономикалық болжамы туралы жазған едік.