Бюджет шығындарының басым бөлігі әлеуметтік салаға тиесілі – Ержан Біржанов

АСТАНА. ҚазАқпарат – 2023 жылы әлеуметтік салаға 10,6 трлн теңге бөлу көзделген. Бұл туралы ҚР Қаржы министрінің міндетін атқарушы Ержан Біржанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске сала кетсек, Парламент Мәжілісінде «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы қаралды.

Ержан Біржановтың айтуынша, бюджет тапшылығы биыл жалпы ішкі өнімге 3,3%-дан 2025 жылға дейін 2,5%-ға дейін төмендейді деп жоспарланып отыр. Шығыстар биылғы жоспарға қарағанда 2,2 трлн теңгеге ұлғайып, 2023 жылы 21 трлн теңге болады.

«Үш жылдық кезеңге арналған республикалық бюджет жобасы шығыстарының құрылымы өзгерді. Бұл барлық ағымдағы нысаналы трансферттерді жергілікті бюджеттер базасына беруге байланысты. Бұл ретте бұрынғыдай бюджет шығыстарының басым бөлігі әлеуметтік салаға тиесілі болып отыр», - деді Қаржы министрінің міндетін атқарушы Мәжілістің жалпы отырысында.

2023 жылы әлеуметтік салаға биылғы жоспарға 2 трлн теңгеге ұлғайта отырып, 10,6 трлн теңге бөлу көзделген.

«Шығыстардың өсуі жыл сайынғы индексациялаумен және зейнетақы мен жәрдемақы алушылар контингентінің ұлғаюына; педагогтердің, дәрігерлердің, медициналық емес қызметкерлердің және азаматтық қызметшілердің жалақысын арттыруға; «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыруға байланысты», - деді Ержан Біржанов.

Сонымен бірге, 2023 жылға экономиканың нақты секторын қолдау үшін бюджет шығыстары 2,5 трлн теңге сомасында жоспарланған.

«Бұл бағыттың басымдықтары: өңдеу өнеркәсібін дамыту; өңірлерде жалғасатын инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру; кәсіпкерлікті, шағын және орта бизнесті дамыту және қолдау; көлік және газ тасымалдау жүйесін дамыту болмақ. Күш құрылымдарының шығыстары 2023 жылға 2,3 трлн теңге көлемде жоспарланып отыр», - деді спикер.

Бұған дейін Е. Біржанов республикалық бюджетке мұнай түсімдері біртіндеп азаятынын, мұнай емес түсімдер үлесі 2025 жылға қарай 78,2% дейін өсетінін айтқан еді.