Бюджет шығыстарының 9 пайызы оңтайландырылады - Қаржы министрі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Республикалық бюджет шығыстарының шамамен орташа алғанда 9 пайызы оңтайландырылады. Бүгін Парламент Мәжілісінде «2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов осылай мәлім етті.

Бас қаржыгердің айтуынша, ағымдағы шығыстар 391,2 млрд теңгеге қысқартылып, даму бюджеті 295,5 млрд теңгеге азаяды. «Оңтайландырудың жалпы ауқымындағы нысаналы трансферттер 374,4 млрд теңгеге төмендейді, соның ішінде ағымдағы трансферттер 186 млрд теңгеге азайтылады. Ал 139 млрд теңгенің шығыстары жаңа жобаларды жүзеге асыру мерзімі 2016 жылға шегерілуіне байланысты қысқартылады», - деді Б. Сұлтанов.

Оның сөзіне қарағанда, «Самұрық-Қазына» қоры арқылы жүзеге асырылатын шараларға қаралған шығыстар да 22,3 млрд теңгеге оңтайландырылады. Атап айтқанда, «Жезқазған-Бейнеу» теміржол желісінің құрылысы 18,3 млрд теңгеге, жолаушылар вагонын сатып алу шығыстары 4 млрд теңгеге оңтайландырылмақ.