Бюджет тапшылығы төмендеп келеді - Бақыт Сұлтанов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Барлық әлеуметтік міндеттемелер орындалды. Бұл туралы бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өтіп жатқан ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлім етті.

«Ағымдағы жылдың сегіз айындағы еліміздің бюджеті көлемі рекордты және бағыты бойынша дағдарысқа қарсы болып табылады. Мемлекеттік қаржы тұрақты, кірістер тұрғысында алға жылжу бар, ал тапшылық төмендеп келеді. Бюджеттік құралдар экономиканы әртараптандыру мен жұмыспен қамтудың қоса алғанда бірнеше міндеттерді шешуге бағдарланды»,-деді министр.

Осы ретте Б. Сұлтанов «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы дағдарысқа қарсы шараларды қолдау, жергілікті бюджеттерге берілетін трансферттер арқылы өңірлерді дамытуға жәрдем көрсету жалғасқанын атап өтті.

«Барлық әлеуметтік міндеттемелер орындалды. Жыл басынан бері бюджеттік ұйым қызметкерлерінің жалақылары және студенттердің шәкіртақылары Сіздің тапсырмаңыз бойынша көтерілді. Зейнетақылар мен басқа да әлеуметтік төлемдерде индексациялау сақталып отыр»,-деді ол.