Бюджет туралы заң қабылданды: ең төменгі жалақы 110 мың теңгеге дейін артады

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Құрылтайдың жалпы отырысында «2027 – 2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңы үшінші оқылымда қабылдады.

Коллаж: Kazinform

Құжаттың бірінші оқылымы 2026 жылдың 14 қазанында өткен болатын.

Заңда шығындардың әлеуметтік бағыттылығын сақтауға ерекше назар аударылады: барлық бюджет қаражатының үштен бірінен астамын адами капиталды дамытуға және азаматтар алдындағы әлеуметтік міндеттемелерді орындауға бағыттау жоспарланған. Сондай-ақ, аймақтық инфрақұрылымды жаңғыртуға және экономиканың нақты секторын қолдауға айтарлықтай ресурстар бөлінеді.

Осылайша, қабылданған заң тұрақты экономикалық өсу, халықтың әл-ауқатын орта мерзімді перспективада жақсарту және әлеуметтік тұрақтылықты сақтау үшін қаржылық негіз қалыптастырады. Мұнымен қоса ол бюджет тапшылығын одан әрі азайту және Қазақстанның қаржылық тұрақтылығын нығайту үшін жағдайлар жасайды.

Құжатпен жұмыс істеу барысында депутаттар 2027 жылы Президенттің тапсырмаларын орындауға бағытталған түзетулерді қолдады, соның ішінде:

– 114,1 млрд теңге – Мемлекет басшысының 2026 жылғы 28 қазандағы Жолдауында жарияланған бастамаларын іске асыруға, соның ішінде ең төменгі жалақыны 110 мың теңгеге дейін көтеруге, алғашқы медициналық-санитарлық көмек (МСАК) қызметкерлерінің жалақысын арттыруға және орта білім беру саласына жасанды интеллектті енгізуге;

– 101,5 млрд теңге – Мемлекет басшысының нақты тапсырмаларын орындауға, соның ішінде Сәтпаев атындағы каналдан Астана қаласына дейін су құбырын жүргізуге және «Балқаш» АЭС жобасы бойынша геологиялық-барлау жұмыстарын жүргізуге.

Сонымен қатар, 135,5 млрд теңге қаражат республикалық бюджеттің тиімділігі мен сапалы орындалуын қамтамасыз ету үшін мемлекеттік органдар арасында өзара қайта бөлінді.

2027 жылғы бюджетте инфрақұрылым жобасына қосымша қаржы бөлінді

Құрылтай депутаттарының бастамасымен 2027 жылғы республикалық бюджетте аймақтарда 52 инфрақұрылымдық жобаны іске асыруға қосымша 47 млрд теңге бөлінді. Бұл жобалардың әрқайсысы аймақтардағы нақты мәселелерді шешеді және қоғамдық кездесулер кезінде азаматтардың білдірген талап-тілектеріне жауап береді.

Атап айтқанда, депутаттар жылу және энергетика жүйелерін жаңғыртуды, елді мекендерді газбен және сумен жабдықтауды, өнеркәсіптік аймақтардың инфрақұрылымын дамытуды, сондай-ақ маңызды инфрақұрылымдық жобаларды қолдады.

Жылу, электр энергиясы және газ тасымалдау жүйелері саласындағы жобаларды іске асыруға 28,1 млрд теңге қарастырылды:

– Ақмола облысы Қорғалжын ауданында жылу желілерін, Көкшетау қаласында тұрмыстық және ауыз сумен жабдықтау жүйесін, кәріз коллекторын салу, Атбасар қаласында орталық қазандықты қайта құру жоспарланып отыр;

– Алматы облысында Еңбекшіқазақ ауданында газбен жабдықтау құбырын және газ тарату желілерін салу;

– Жамбыл облысы Талас ауданында газ тарату желілерін және Тараз қаласында қосалқы станция салу;

– Қарағанды облысында – Ақсу-Аюлы, Еркіндік, Өспен және Сәкен Сейфуллин ауылдарында газ құбыры тармағы мен газбен жабдықтау желілерін салу және Абай ауданындағы магистральды жылу желісінің бір бөлігін реконструкциялау;

– Қостанай облысында – Қамысты ауданында газ тарату желілерін салу, Арқалық және Лисаковск қалаларындағы магистральды жылу желілерін реконструкциялау және т.б.

- Қызылорда облысында - Жаңақорған ауданындағы ауылдарда, Сунақата, Еңбек, Екпінді, Қожаберді және Сүттіқұдық елді мекендерінде газ құбырын және қалаішілік газ тарату желілерін салу;

– Маңғыстау облысында – Ақтау қаласында қазандық салу;

– Абай ауданында – Семейдегі екі мектептің орталық жылыту пунктін, магистральдық және блокішілік жылу желілерін қайта құру және қуат трансформаторларын жаңғырту;

– Абай ауданында – Семейдегі екі мектептің орталық жылыту қондырғысын, негізгі және блокішілік жылу желілерін, соның ішінде «Қуаныш» балабақшасынан Мәңгілік Ел көшесіне дейінгі жылу желілерін реконструкциялау, үй ішілік қондырғыларды ауыстыру және қуат трансформаторларын жаңғырту;

– Солтүстік Қазақстан облысында - Ғабит Мүсірепов ауданындағы Новоишимское ауылында магистральдық таратушы жылумен жабдықтау желілерін салу, Уәлиханов және Ақжар аудандарында жоғары вольтты сақиналы желіні салу;

– Шығыс Қазақстан облысында – Өскемен қаласындағы қазандықты қайта құру;

– Жетісу облысындағы Текелі қаласындағы жылу желілерін қайта құру және Ұлытау облысында газ құбыры тармағы мен Атасу автоматтандырылған газ тарату станциясын салу.

Атырау облысындағы өзен жағалауын нығайту жұмыстарына қосымша 2,5 млрд теңге бөлінеді. Бұл қаражат Алға ауылындағы Жайық өзеніндегі, сондай-ақ Махамбет ауданындағы Махамбет, Бейбарыс және Талдыкөл ауылдарындағы Жайық өзеніндегі елді мекендерді су тасқынынан қорғауға арналған.

Қостанай, Түркістан және Ұлытау облыстарында сумен жабдықтау жүйелерін дамытуға 4,9 млрд теңге қаралды.

Сонымен қатар Павлодар әуежайының терминал ғимараты мен нысандарын қайта жаңартуға, сондай-ақ Шымкентте ауысымына 500 келуші қабылдай алатын қалалық емхана құрылысына 2,5 миллиард теңге бағытталады. Ақтөбе, Жетісу және Батыс Қазақстан облыстарындағы жобаларды мемлекеттік қолдауға қосымша 6,5 млрд теңге қаралған.

Бұған дейін келер жылы Қазақстан экономикасы қаншалықты өсуі мүмкін екенін жазған едік.