Бюджет жоспары: Елорда табысы алдағы үш жылда 5 пайызға өсіп отырады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –Нұр-Сұлтан қалалық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев мәслихат депутаттарына 2021-2023 жылдарға арналған қала бюджетінің жобасын таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2021-2023 жылдардың болжамына сәйкес, қаланың жеке табысының көлемі 1 трлн 1 млрд 376 млн теңгені құрайды. Үш жылға бөліп қарағанда бұл көрсеткіш 2021 жылы 319,7 млрд теңге, 2022 жылы 332,3 млрд теңге, 2023 жылы 349,4 млрд теңгені көрсетеді», - деді Қайсар Маңқараев мәслихат отырысында.

Басқарма басшысы атап өткендей, астананың жеке табысы 2021 жылы 319,7 млрд теңгеге жетеді. Осылайша 2020 жылдың нақтыланған бюджетінен қарағанда 2021 жылғы бюджет 5 пайызға немесе 14,9 млрд теңгеге өседі.

«Сонымен бірге салық түсімдері 315,9 млрд теңгені, салықтық емес түсімдер 1,1 млрд теңге, сондай-ақ негізгі капиталды сатудан түсетін түсім 2,7 млрд теңгеге жетеді. Жалпы салықтық түсімдер қаланың алдағы үш жылдық табысының 97 пайызын құрайды. 2021-2023 жыл аралығында жеке табыс бойынша түсім 5 пайызға немесе 15 млрд теңгеден өсіп отырады», - деді ол.