Аудит қорытындысы бойынша есепті кезеңде республикалық бюджетке түсетін салықтық түсімдер жоспары 4,8%-ға орындалмаған. Мемлекеттік аудиторлардың мәліметінше, негізгі себептердің бірі – салық түсімдерінің 1,3 трлн теңгеге артық жоспарлануы.
– Мемлекеттік аудиторлардың анықтауынша, есепті кезеңде республикалық бюджетке түсетін салықтық түсімдер жоспары толық орындалмаған. Түспеген сома 730 млрд теңге немесе 4,8%-ды құрады. Негізгі себептердің бірі – салық бойынша болжамның 1,3 трлн теңгеге артық жоспарлануы, – делінген Жоғары аудиторлық палатаның хабарламасында.
Аудит барысында соңғы төрт жылда қосымша есептелген салықтарға қатысты даулардың жартысынан астамы салық төлеушілердің пайдасына шешілгені белгілі болды. Бұған салық заңнамасының талаптарын бұзу және тексеру актілерін рәсімдеу кезінде жіберілген қателіктер себеп болған.
Сонымен қатар кедендік әкімшілендіруде де бірқатар заңбұзушылық анықталған. Атап айтқанда, электр көліктеріне арналған жеңілдіктердің гибридті автомобильдерді импорттау кезінде де қолданылуы салдарынан бюджетке кемінде 70 млн теңге түспеген.
Бұдан бөлек, сыртқы экономикалық қызметтің 34 қатысушысы импорт кезінде қосылған құн салығын есепке жатқызу әдісімен заңсыз төлеген. Соның салдарынан бюджетке импорттық ҚҚС бойынша 670 млн теңгеден астам қаражат түспеген.
– Аудит қорытындысы бойынша 2,7 млрд теңге көлемінде қаржылық бұзушылық анықталды. Сондай-ақ 33 рәсімдік бұзушылық пен 11 жүйелі кемшілік тіркелді. Анықталған мәселелер бойынша тиісті тапсырмалар мен ұсынымдар әзірленіп, оларды орындау аудит объектілерінің бақылауына алынды, – деп мәлімдеді Жоғары аудиторлық палата.
Сондай-ақ аудит аяқ киім өнімдерін міндетті таңбалау жүйесінің әлеуеті толық пайдаланылмай отырғанын және Мемлекеттік кірістер комитетіне мемлекеттік қызметтердің сапасын бақылау мен мониторинг жүргізу жүйесін жетілдіру қажет екенін көрсетті.
Айта кетейік, Қазақстанда цифрлық активтерден табыс тапқан азаматтар үш жыл бойы жеке табыс салығын төлемейді.