Бюджетті шағын топпен жоспарлауды қою керек — Мәулен Әшімбаев

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Қаржы министрі Мәди Тәкиевке бюджетті жоспарлау ісіне тәуелсіз сарапшылар мен қоғамдық кеңестерді тарту жолдарын пысықтауды ұсынды.

2024 жылғы бюджеттің игерілуі туралы есепті талқылаған сенаторлар бір рет бекітілген бюджетті қайта-қайта өзгерту белең алып отырғанын наразылық білдірді. Олардың бұл уәжін сенат спикері де қуаттады.

— Былтыр бюджеттің шығыс бөлігін бір жылдың ішінде 13 рет, табыс бөлігін 3 рет өзгерттіңіздер. Оның түсімдерге, салықтарға байланысты объективті себептері де болған шығар. Бірақ бұл жерде үлкен жүйелі мәселелер туындайды ғой. Неге олай жоспарланған? Жоспарланған кезде атүсті жасалған нәрсе ме? Олай болса, жоспарлаған адамдардың жауапкершілігі қандай? Олар жауапкершілікке тартылды ма, жоқ па? Әлде келесі жылы да сол методикамен жүре бере ме? Жоспарлау деректер негізінде жасалады ғой. Бастапқы деректер дұрыс алынған ба? Осындай кешенді түрде қарап, бюджетті жоспарлау мәселесі бір деңгейге шығару керектігі анық. Әрі қарай да бұлай бола бермейді енді, — деді ол.

Сенат төрағасы Қаржы министріне бюджетті жоспарлаудың ашық форматын ойлап табу керектігін айтты.

— Бір жылда бюджетті 13 рет өзгерту деген бір рекорд қой. Әрі қарай ондай рекордқа жете қоймаспыз деп сенеміз. Осы бағытnа көптеген жұмыс істелу керек сияқты. Жоспарлауды министрліктер өздері ғана отырып жасай бермей, мамандарды, тәуелсіз сарапшыларды қоғамдық кеңестер арқылы тартудың формасын табу ұтымды болатын шығар. Корпоративті түрде жасалса, 1-2 адам ғана өз ойымен жасай берсе, ерте ме, кеш пе қателіктер әкелетіні түсінікті. Сондықтан бюджетті жоспарлау процесінің ашықтығын да, жаңа принциптерінде қамтамасыз ететін уақыт келген сияқты, — деді Мәулен Әшімбаев. 

Бұған дейін 2024 жылғы бюджеттің 13 рет өзгертілгенін Жоғары аудиторлық палата да жоспарлаудың сапасыздығымен байланыстырған болатын.