Бюджеттен бөлінген қаражатты тиімді игеру экономиканың 1 пайыздық өсімін қамтамасыз етеді - Елбасы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биылғы жылы атқарылатын шараларға бюджеттен бөлінген қаражатты тиімді әрі толық игеру экономиканың 1 пайыздық өсімін қамтамасыз етеді. Бүгін Ақордада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті

«Биылғы жылы атқарылатын шаралар үшін бюджеттен бөлінетін қаражатты толық әрі тиімді игеру 2016 жылы экономикалық белсенділікті ынталандыратын болады. Сонымен қатар, жұмыспен қамтуды қамтамасыз етіп, экономиканың 1 пайыздық өсімін қамтамасыз етуге де септігін тигізеді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар, Елбасы қалыптасқан сыртқы жағдайларды ескере келе, Үкіметке қаражаттардың шығыстарына қатаң бақылау жасауды тапсырды. Бұл ретте Мемлекет басшысы тапсырмаларды өңірлерде жүзеге асырудың маңыздылығына назар аударды. Сондай-ақ, Президент облыс әкімдеріне де бөлініп отырған қаражаттың тиімді игерілуі үшін барлық ресурстарды жұмылдыру қажеттілігін атап өтті.