Бюджеттен Назарбаев университетіне бөлінетін қаржы көлемі айтылды
АСТАНА. KAZINFORM — Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Назарбаев университетін бюджеттен қаржыландыруға қатысты түсінік берді.
— Назарбаев университетінің 3 жылдық бюджеті шамамен 42-43 млрд теңге. Университет білімінің сапасы жоғары, халықаралық стандарттарға сай, нарықта дәлелденді. Бұл соманы бір деңгейде ұстап тұрамыз, ұлғайтпаймыз, — деп жауап берді Саясат Нұрбек Мәжіліс қабырғасында БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.
Сондай-ақ министр аталған университеттің қызметіне аудиторлық есеп жүргізуге қатысты түсінік берді.
— Жоғары аудиторлық палата ұсынымының 60-70 пайызы орындалды. Мысалы, тағайындау саясаты толығымен қайта қаралды. Сатып алу процедурасы жақында бекітілді. Бұған дейін 93 пайыз бір көзден сатып алу болса, қазір конкурстық негізде, — деп толықтырды ведомство басшысы.
Еске салайық, 2026 жылдан бастап Назарбаев университетін қаржыландыру механизмі өзгереді.
Айта кетсек, 2024 жылдың соңында Назарбаев университетінде 73 млрд теңгенің тиімсіз игерілгені анықталды.