«Екі жыл сайын Қазақстанның ұлттық бюджет желісі «Сорос Қазақстан» қорының қаржыландыруымен жергілікті бюджеттердің ашықтығына бағалау жүргізеді. Бұл ретте зерттеу жұмысына халықаралық стандарттар негіз болып отыр. Осы индекс бойынша, Қазақстанда қазіргі таңда 53 ұпай бар. 2008 жылдан бастап кестеге қарасаңыз, елімізде айтарлықтай ілгерілеушілік барын көруге болады. Яғни, осыдан он жыл бұрын 35 ұпайдан көрсеткішімізді 53 ұпайға дейін жеткіздік. Орталық Азия және посткеңестің елдермен салыстырғанда Грузия мен Ресейдің бюджетінің ашықтығы жоғары көрсеткішке ие. Біз өз зерттеуімізде осы индекстің әдістемесіне сүйене отырып, жергілікті бюджеттің ашықтығына талдау жасадық», - дейді Қуаныш Оңалбаев Астанада өтіп жатқан «Мемлекеттің ашықтығы мен есептілігі - жемқорлыққа қарсы қазіргі саясаттың негізі» атты сұхбат алаңында.
Оның айтуына қарағанда, әрбір өңірде 60 сұрақтан тұратын анкетаны толтыратын сарапшы бар. Сонымен бірге, әлгі сарапшы бюджеттік процестің барлық төрт сатысы (жоспарлау, бекіту, орындау және есеп) бойынша ақпараттың ашықтығы тексереді.
«2017 жылғы көрсеткіш мынадай: Бюджеттің ашықтығы бойынша көшбасшы - Шығыс Қазақстан, Павлодар және Ақмола облыстары. Шығыс Қазақстанда бюджеттік ақпараттың ашықтығы жоғарғы көрсеткішке ие болса, ең төменгі нәтижені 100 ұпайдың 18-ін иеленген Алматы облысы көрсетті», - дейді ол.
Қуаныш Оңалбаев сонымен қатар, бюджетті игеру сатысының қайсысы ең жабық сипатқа ие екенін атапа өтті.
«Ең жабық саты - бюджеттің жоспарлау сатысы. Демек, тек Шығыс Қазақстан ғана бюджет жобасын мәслихатқа шығармай тұрып, жария еткен. Динамиканы салыстырар болсақ, 2015 жылдан қарағанда Алматы облысы өз көрсеткішін 26 ұпайға төмендеткен. Ал Павлодар облысы 22 ұпайлық өсімді көрсеткен. Біз өңір әкімдеріне бюджет жобасын жария етіп, жобаны талқылауға кеңес берер едік», - деді Қуаныш Оңалбаев.
Сарапшы өз сөзінде осы талдау жұмыстары сайттарды зерттеу арқылы жүргізілгенін атап өтті.
«Егер осы зерттеудің жұмысымен келіспейтін болса, кез келген адам сайтқа өтіп, тиісті ақпаратын көрсетуіне болады. Біз түзейтін жерде түзейміз», - деп түйді ол.
Еске сала кетсек, аталмыш сұхбат алаңында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов Қазақстанда алдағы екі жылда халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 90 пайызы электронды форматқа көшірілетінін хабарлаған еді.