Бюрода Мәжілістен түскен заң жобалары бөлініп берілді. Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті «2004 жылғы 19 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасы Үкіметінің арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Халықаралық теңіз ұйымының аудитінен өту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын одан әрі пысықтау үшін бас комитет болып белгіленді.
Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберінде құпия ақпаратты қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша бас комитет болып белгіленді.
Бюро отырысында Сенаттың 2014 жылғы 11 желтоқсанда болатын отырысының күн тәртібі белгіленді.
Сенаторлар отырыста «Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасы арасындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының Беларусь Республикасының аумағында және Беларусь Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының аумағында болу тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы»; «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру жөніндегі жобаның екінші фазасы) ратификациялау туралы»; «Салық істері бойынша өзара әкімшілік көмек туралы конвенцияға өзгерістер енгізу туралы хаттамамен енгізілген түзетулері бар Салық істері бойынша өзара әкімшілік көмек туралы конвенцияны ратификациялау туралы»; «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» (бірінші оқылым); «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» (екінші оқылым) заң жобаларын қарауды жоспарлады.