Бюрода Сенаттың алдағы отырысының күн тәртібі белгіленді

АСТАНА. 30 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Бюросының отырысы болды.

Бюрода Қаржы және бюджет комитетіне еліміздің заңнамалық актілеріне бюджет заңнамасын жетілдіру және салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобалары берілді. Сондай-ақ осы комитет «Қазақстан Республикасының Ұлттық Қорынан 2014 - 2016 жылдарға арналған кепілдік берілген трансферт туралы», «Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қала, Астана бюджеттері арасындағы 2014-2016 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» және «2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобаларына бас комитет болып белгіленді.

Депутаттар сондай-ақ палатаның 31 қазанда болатын отырысының күн тәртібін де талқылады. Отырыста бірқатар халықаралық келісімдерді ратификациялау туралы заң жобаларын қарау жоспарланып отыр. Атап айтқанда, депутаттар Психикасының бұзылуынан зардап шегетін адамдарды мәжбүрлеп емдеуден өткізу үшін беру туралы конвенцияны, Шымкент - Ташкент жолын жаңғырту үшін Қазақстан мен Азия Даму Банкі арасындағы қарыз туралы келісімді, Айрықша жағдайларда Бірыңғай кедендік тарифтің ставкаларынан ерекшеленетін кедендік әкелу баждарының ставкаларын қолдану шарттары мен тәртібі туралы хаттамаға өзгерістер енгізу туралы хаттаманы, Қазақстан мен Тәжікстан үкіметтері арасындағы өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісімді қарайтын болады.