Біз деэскалация жолын іздеуіміз керек: Жозеп Боррель ХАМАС көшбасшысының қазасы туралы

Фото: кадр из видео Youtube канала Euronews

АСТАНА. KAZINFORM — Еуроодақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Жозеп Боррелль ХАМАС жетекшісінің Иранда қайтыс болуы туралы хабардан кейін шиеленісті азайтудың жолдарын іздеу қажет екенін айтып, Газадағы қақтығыстарды тез арада тоқтатуға шақырды, деп жазады Еuronews.

ХАМАС көшбасшысы Исмаил Ханияның Тегеранда қайтыс болуы және одан кейінгі Иран билігінің мәлімдемелері Таяу Шығыстағы соғыстың кеңеюіне қатысты алаңдаушылық туғызды.

Еуроодақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі Жозеп Боррель Вьетнамға сапары барысында қақтығысты деэскалациялау жолдарын іздеу қажет екенін атап өтті.

- Мен қандай да бір түсінік бермес бұрын қосымша ақпарат күтуім керек. Бірақ бұған дейін шекарада шиеленіс болып, Газадағы соғыс жалғасып жатыр. Мен Лаоста болғанымда Ливанның Сыртқы істер министрі Бу Хабибпен сөйлестім. Мен тек шиеленісті бәсеңдету жолдарын іздестіру және бүкіл аймаққа, тіпті одан тыс жерлерге де әсер ететін соғысты болдырмау керек екенін айта аламын. Дәл қазір Газадағы атысты тоқтату керек, - деді Боррель.

Қытай ХАМАС саяси бюросының басшысы Исмаил Ханияның қазасына қатты алаңдаушылық білдіріп, оның өлтірілуіне үзілді-кесілді қарсылық білдіріп, айыптайды, деп хабарлады сәрсенбі күні Қытай Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Лин Цзянь.

- Біз бұл оқиғаға бейжай қарамаймыз, кісі өлтіруге үзілді-кесілді қарсымыз. Сонымен қатар, бұл оқиға аймақтағы тұрақсыздықты одан әрі ушықтыру мүмкіндігіне алаңдаймыз. Қытай әрқашан аймақтық дауларды келіссөздер мен диалог арқылы шешуді жақтайды. Қақтығыстар мен текетірестің одан әрі өршуіне жол бермеу үшін Газада мүмкіндігінше тезірек жан-жақты және тұрақты атысты тоқтатуға қол жеткізу қажет, - деді қытайлық дипломат.

АҚШ Қорғаныс министрі Ллойд Остин де Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісу қаупіне алаңдаушылық білдірді, бірақ ол Ханияның қазасы аймақта үлкен соғысқа ұласады деп есептемейді.

Кремль ХАМАС жетекшісінің өлтірілуін айыптап, мұндай әрекет аймақта бейбітшілік орнату әрекеттеріне қарсы бағытталған және «онсыз да шиеленіскен жағдайды айтарлықтай тұрақсыздандыруы мүмкін» екенін мәлімдеді.

Бұған дейін ХАМАС жетекшісінің қазасы әлемде қандай реакция тудырғаны туралы хабарланған болатын.