«Біз мемлекетіміздің ұлттық тұтастығы мен халқымыздың дәстүрлі дінін, ұрпағымыздың болашағын қатерге байлап бере алмаймыз. Ұлттық қадір-қасиетімізді сақтаймыз десек, елдің ішіне іріткі салған жат діни ағымды ақыл-санадан да, ауыл-қаладан да қуып шығуға міндеттіміз. Бірақ депутаттар қаққан дабылды «бұлар ислам дініне қарсы шықты» деп әлдекімдер әлеуметтік желіде өңін айналдырып, дабыра салып жүр. Ескерте кетейін, жалпы исламға және елдегі исламның Ханафи мазһабына қарсы емеспіз. Біз дәстүрлі дінге бүйі тигендей болған салафизм, уахабизм идеясына қарсымыз. Қазақ халқының ежелден өмір сүру және тұрмысы мен салт-дәстүріне жат идеологиялық ағымға қарсы Үкімет жағынан жасалған концепциялық бағдарламалар бар ма?», - деп сұрады Е. Бапи.
Өз кезегінде Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова осы мәселе Үкіметте қаралып жатқанын айтты.
«2011 жылы діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заң қабылданған. Сол заңды орындау үшін кейінгі 5 жылда үш концептуалды құжат қолға алынды. Қазір өзіңіз көтерген тақырып үлкен проблемаға айналып отыр. Тамыз айынан бастап осы мәселемен айналысып жатырмын. Біраз теологтарды, діни бірлестік өкілдерін шақырып, пікір алмастық. Олардың пікірі де депутаттар көтерген мәселемен сәйкес келіп тұр. Сіздердің ұсыныстарыңызды олар да қолдап отыр», - деді Үкімет басшының орынбасары.
Оның сөзіне қарағанда, әлеуметтік желілердегі түрлі ағымдарды насихаттайтын контентке толық тосқауыл қою мүмкін болмай тұр.
«Көп мәселені заңды түрде реттеуіміз керек. Сондықтан депутаттардың ұсыныстарын қолдай отырып, заңға өзгеріс енгізу қажет», - деді Т. Дүйсенова.
Бұған дейін хабарланғандай, депутаттар діни теріс ағымдарға заңмен қатаң тыйым салу мәселесін көтерген еді.