Біз Қазақстанмен әріптестіктің жаңа көкжиегін ашып отырмыз – Мьянма көшбасшысы

Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM – Мьянма Президентінің міндетін атқарушы Мин Аун Хлайн агенттігімізге берген эксклюзивті сұхбатында Орталық Азиядағы ынтымақтастықтың болашағы, аймақтық тұрақтылық пен даму бағытындағы өзара іс-қимылдың маңызы, сондай-ақ мәдени байланыстардың рөлі туралы ой бөлісті.

– Құрметті Мин Аун Хлайн мырза, Мьянма мен Қазақстан арасындағы саяси және экономикалық ынтымақтастықтың болашағын қалай бағалайсыз? Сондай-ақ Орталық Азиядағы кең ауқымды өзара іс-қимылдың перспективалары жөнінде пікіріңіз қандай?

– Мьянма мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қатынастар 1999 жылғы 23 қыркүйекте басталды. Қазір 26 жыл болды. Біздің елдер біртіндеп саяси және экономикалық ынтымақтастықты дамытып келеді. Мен Қазақстан Президентімен екі рет кездестім. Орталық Азия мен Еуразия геосаясаттағы Heart Land деп аталатын стратегиялық маңызы бар аймақ болып есептеледі, өйткені ол ең ірі құрлықтың ортасында орналасқан. Сондықтан бұл өңірдің стратегиялық мәні зор. Мен екіжақты байланысты нығайту бізге Орталық Азия аясында да белсендірек ынтымақтасуға мүмкіндік беретініне сенімдімін.

– Орталық Азия жаһандық қауіпсіздік пен логистиканың маңызды торабына айналып келеді. Сіздің ойыңызша, Мьянма мен Қазақстан аймақтың тұрақтылығы мен дамуына қалай үлес қоса алады?

– Орталық Азия ежелден Еуропа, Таяу Шығыс, Оңтүстік-Шығыс және Шығыс Азия арасындағы көлік торабы болған. Мұнда Ұлы Жібек жолы өткен. Сондықтан аймақтың қауіпсіздігі мен дамуы ерекше маңызға ие. Қазақстан Орталық Азияда маңызды рөл атқарады. Мьянманың да стратегиялық орны бар, ол Қытай мен Үндістанның арасында орналасып, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азияны «құрлық көпірі» ретінде байланыстырады. Осындай артықшылықтарды пайдалана отырып, біздің елдер өзара ынтымақтаса алады, өнімдермен, табиғи ресурстармен және мәдениетпен алмасып, аймақтың тұрақтылығы мен дамуын күшейте алады.

– Мьянма мен Қазақстан өздерін диалогқа және көпжақты ынтымақтастыққа ашық елдер ретінде танытып отыр. Әділетті әлемдік тәртіп құру мен халықаралық институттарды реформалауда біздің мемлекеттер қандай рөл атқарады деп ойлайсыз?

– Қазіргі таңда әлем бірполярлы жүйеден көпполярлыға қарай бет алып келеді. Біз бір ғана державаға тәуелділікті азайтып, достас елдермен байланысты дамытуымыз қажет. Бұл әділетті шешімдер қабылдауға және сыртқы қысымға қарсы тұруға мүмкіндік береді.

Экономикада да үлкен өзгерістер жүріп жатыр, «жаңа әлемдік тәртіп» қалыптасуда. Шағын мемлекеттер әртүрлі аймақтарда ынтымақтасып, сауданы кеңейтуі тиіс. Халықаралық ұйымдарды да реформалау қажет, олар өз жарғыларын сақтап, барлық елдердің егемендігін құрметтеуі керек. Осы салада біздің мемлекеттер бірлесіп жұмыс істей алады.

– Қазақстан Еуразиядағы маңызды көлік және энергетикалық хаб болып саналады. Сіздің ойыңызша, Мьянма Қазақстанмен және өңірмен қай салаларда табыстырақ ынтымақтаса алады?

– Қазақстан табиғи ресурстарға бай, мұнай, газ экспорттайды, тау-кен өнеркәсібін, көлік пен ауыл шаруашылығын, әсіресе бидай өндірісін дамытып отыр. Мьянма – аграрлық мемлекет, сондай-ақ пайдалы қазбаларға ие. Біз Қытай және Үндістанмен шектесеміз, әрі Оңтүстік-Шығыс пен Оңтүстік Азияны байланыстырамыз. Біздің құнарлы жеріміз, суымыз және ауыл шаруашылығына қолайлы климатымыз бар. Мьянма – күріш пен бұршақ дақылдарының ең ірі экспорттаушыларының бірі.

Сондықтан ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары – ауыл шаруашылығы, тау-кен ісі, көлік және энергетика. Бұл үшін технология мен инвестиция саласында бірлескен жұмыс қажет.

– Экономика мен саясаттан бөлек, Мьянма мен Орталық Азия елдері арасындағы мәдени, білім беру және гуманитарлық байланыстарды дамыту қаншалықты маңызды?

– Мьянма мен Орталық Азия елдері арасындағы білім беру, мәдени және гуманитарлық байланыстарды дамыту өте маңызды. Біздің елдеріміздің климаты, географиялық орны, мәдениеті және экономикасы әртүрлі. Бұл айырмашылықтардың үйлесуі – артықшылық. Сондықтан достық қарым-қатынастарды нығайту үшін тек үкіметаралық байланыстарды ғана емес, адамдар арасындағы қатынастарды да кеңейту қажет. Бұл аспектілердің дамуы аса маңызды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Мьянма Президентінің міндетін атқарушы Мин Аун Хлайнмен келіссөз жүргізген болатын. Президент Мин Аун Хлайнді құттықтай отырып, оның Астанаға жасаған жұмыс сапарын елдер арасындағы ынтымақтастықты жолға қою мүмкіндігі ретінде бағалайтынын атап өтті.